Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алудың жаңа әдісін қолданды

Петропавлда полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алудың жаңа әдісін қолданды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавлда жол апаттарын азайту мақсатында полицейлер жолды тарылту әдісін пайдаланды. 7 сәуір күні кешкі уақытта Жұмабаев көшесінде, университеттің 6-шы корпусының қарсысында ақ-сары түсті конустар мен уақытша жол белгілері орнатылды. Халықаралық тәжірибе бұл тәсілдің жүргізушілердің назарын арттыруда тиімді екенін көрсетеді. Сонымен қатар көлік ағынын баяулату тәртіп сақшыларына көліктерді іріктеп тексеруге мүмкіндік береді.

- Іс-шараның мақсаты — жүргізушілердің тәртібін арттыру. Негізгі назар жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзушылықтардың жолын кесуге аударылады, өйткені олар ауыр салдарға әкелетін жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін, - деп атап өтті СҚО ПД бастығының орынбасары Марат Жұмалиев.

Үш айдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 100 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның 69-ы Петропавл қаласында орын алған. Облыс орталығының көшелерінде 95 адам зардап шекті. Жол апаттарының басым бөлігі (67 дерек) қиылыстардан өту қағидаларын бұзудан болған. Жұмабаев көшесінің Абай көшесімен қиылысы алдында тарылтылуы жүргізушілерге жолдағы қырағылықтың маңызын тағы бір мәрте еске салды.

Сонымен қатар қалада қалалық және облыстық патрульдік полиция батальондарының экипаждары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Тәртіп сақшылары "Қорғау" мобильді қосымшасын, жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелерін және жасырын патрульдеуді белсенді қолдануда.

Сағат 19:00-ден 00:00-ге дейін тәртіп сақшылары мас күйде көлік басқарған жүргізушінің жолын кесіп, маневр жасау қағидаларын бұзуға байланысты 3 апатты жағдайдың алдын алды. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар — көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану және қауіпсіздік белдіктерін тақпау, бұл ауыр салдары бар жол апаттарының қаупін айтарлықтай арттырады. Жалпы бір түнде 40-тан астам жол қозғалысы қағидаларын бұзу дерегі анықталды.

Аталған жұмыстар 7-8 сәуір аралығында республика көлемінде "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында өткізілген ауқымды рейдтік іс-шаралар шеңберінде жүзеге асырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру