Қарағанды облысындағы 6505 әскери бөлімінде оқушыларға арналған ашық есік күні өтті
Қарағанды облысындағы 6505 әскери бөлімінде оқушыларға арналған ашық есік күні өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде мектеп және колледж оқушыларына арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа әскери қызметтің қыр-сырын таныстырып, олардың бойында патриоттық рух қалыптастыру, Отан қорғауға деген қызығушылықты арттыру.
Шара барысында оқушылар әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, сарбаздардың күнделікті қызметі туралы жан-жақты мәлімет алды. Әскери қызметшілер қару-жарақ түрлерін таныстырып, олардың қолданылу тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ қатысушыларға әскери техника мен арнайы құрал-жабдықтар көрсетіліп, олардың мүмкіндіктері кеңінен баяндалды.
Іс-шара аясында саптық дайындық элементтері мен жауынгерлік даярлық көріністері ұсынылып, әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігі айқын көрініс тапты. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, әскери өмірге қатысты маңызды ақпараттарға қанықты.
Ашық есік күні жастарға әскери қызметтің маңызы мен жауапкершілігін ұғындыруға, Отанға деген сүйіспеншілік пен адал қызмет етудің мәнін насихаттауға бағытталды. Мұндай тағылымды іс-шаралар жас буынның елжандылық қасиеттерін нығайтып, олардың болашақ мамандық таңдауына оң ықпал етеді.
Шара соңында оқушылар әскери бөлім басшылығына алғыстарын білдіріп, алған әсерлерімен бөлісті.
