Терроризмге қарсы қауіпсіздік – басты назарда
Қызылорда облысы полиция департаменті террористік тұрғыдан осал нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өңір аумағында террористік тұрғыдан осал 986 нысан есепке алынған. Олардың қатарына адамдар көп жиналатын орындар, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет және спорт нысандары, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар кәсіпорындар кіреді.
Жүргізіліп жатқан тексерулер барысында нысандардың техникалық нығайтылу деңгейі, инженерлік-қорғаныс жүйелерінің жай-күйі және қызметкерлердің төтенше жағдайларға дайындығы жан-жақты зерделенеді.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлерімен 37 нысан тексеріліп, нәтижесінде 10 нысан белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 2 нысанға анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілді.
Полиция департаменті террористік қауіптердің алдын алу мақсатында бақылау және тексеру жұмыстары барлық нысандар толық талаптарға сәйкестендірілгенге дейін жалғасатынын хабарлайды.
