Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда студенттерге есірткімен күрестің ерекше тәсілі көрсетілді

Таразда студенттерге қырағы иттердің есірткіні қалай анықтайтыны көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Із кесу, тыйым салынған заттарды анықтау және "қылмыскерлерді" ұстау — мұның бәрі экшн фильмнің көрінісі емес, студенттерге арналған әсерлі көрсетілімнің бір бөлігіне айналды.

Іс-шара Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, кинологиялық қызмет және Тараз қаласы әкімдігінің жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен "Студенттер есірткіге қарсы" акциясы аясында өтті.

Көрсетілім барысында студенттер қызметтік иттердің жұмысымен жақын танысып, олардың есірткі заттарын анықтау тәсілдерін, командаларды нақты орындау шеберлігін және шартты құқық бұзушыларды ұстау барысын өз көздерімен көрді.

Сонымен қатар мамандар жастарға есірткінің зияны, оны қолданудың ауыр салдары, әсіресе синтетикалық заттардың аса қауіптілігі туралы жан-жақты ақпарат берді.

Мұндай форматтағы іс-шаралар — жастармен тікелей байланыс орнатып, олардың санасында есірткіге қарсы тұрақты теріс көзқарас қалыптастырудың тиімді жолы.

Қызметтік иттер қылмыстарды ашуда сенімді көмекші ғана емес, профилактикалық жұмыстарда да маңызды рөл атқарады.

Көрсетілім соңында студенттер ерекше әсер алып, ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, төрт аяқты «қызметкерлермен» естелік суретке түсті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру