Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада полицейлер көші-қон бағытында бақылау жұмыстарын жүзеге асыруда

Қызылордада полицейлер көші-қон бағытында түсіндіру және бақылау жұмыстарын жүргізуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
 
Көші-қон – мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселелердің бірі. Халықтың тиімді әрі жайлы қоныстануын қамтамасыз ету әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың негізгі кепілі болып табылады. Осыған байланысты көші-қон саясатына ерекше назар аударылып келеді.

Қазіргі таңда көші-қон қызметі саласында 8 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі, олардың 90%-ы электронды форматта қолжетімді. Барлық қызметтер “бір терезе” қағидасы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы ұсынылады. Қажетті ақпараттық жүйелер өзара интеграцияланған.

Негізгі міндет – шетел азаматтарына қолайлы жағдай жасау және көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету. Қызмет бағыттарына шетел азаматтарын тіркеу, еңбек қызметіне рұқсат беру, заңнаманың сақталуын бақылау және халықты құжаттандыру жатады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін құжаттарды ресімдеуге арналған мобильді топтар құрылған. Қызметтердің басым бөлігі Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетіледі.

Облыс көлемінде 26 мың азаматтың жеке басын растайтын құжаттары ресімделіп, табысталды. Әлеуметтік осал топтарға, атап айтқанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнеткерлерге және көпбалалы аналарға ерекше көңіл бөлінуде.

Мобильді топтардың көмегімен 70-тен астам облыс тұрғыны тұрғылықты жерінде құжаттандырылып, дайын құжаттары табысталды.

Шет мемлекеттерден уақытша келген азаматтарды қабылдаушы жеке және заңды тұлғалар оларды 3 күн ішінде “eQonak.kz” жүйесі немесе “eGov” порталы арқылы электронды цифрлық қолтаңба көмегімен ішкі істер органдарына хабардар етуге міндетті.

Көші-қон саласында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында полиция органдары мемлекеттік бірлескен іс-шаралар аясында жүйелі түрде жұмыстар жүргізуде.

Жыл басынан бері өткізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында 432 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 265 шетелдік тіркеліп, оның 110-ы ел аумағынан шығарылды. Сонымен қатар шетел азаматтарын уақтылы тіркемегені үшін 167 Қазақстан Республикасының азаматына әкімшілік шаралар көрілді.

Айта кету керек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы азаматтары жеке куәлікті алғаш алу және мерзімі аяқталуына байланысты ауыстыру кезінде мемлекеттік баж төлеуден босатылады. Құжат жоғалған немесе жеке деректер өзгерген жағдайда қызмет ақылы негізде көрсетіледі.

Көші-қон саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін арттыру бағытында полиция органдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру