Алматыда "Таза Қазақстан" аясында экологиялық рейдтер жалғасуда
Алматыда "Таза Қазақстан" аясында экологиялық рейдтер жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және "Таза Қазақстан" республикалық акциясын жүзеге асыру аясында полиция қызметкерлері санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық заңнама талаптарының сақталуын бақылау бағытында күн сайын жүйелі жұмыс жүргізуде
Уәкілетті органдармен бірлесіп, Алматы қаласының аумағында абаттандыру қағидаларын бұзудың және ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Жыл басынан бері Алматы қаласының полиция қызметкерлері осы бағытта 9 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кескен.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері қалалық коммуналдық инфрақұрылым басқармасымен, тұрғын үй инспекциясымен, қоршаған ортаны қорғау және экология қызметтерімен, сондай-ақ қоғам өкілдерімен бірлесіп, заңсыз қоқыс орындарын анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау және анықталған бұзушылықтарды жою үшін Алматы қаласының экология департаментіне жолданады.
- Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмей, тұрғындар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау бағытында нақты шаралар қабылдануда. Бұл жұмыстар қаланың тазалығын қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған, – деді Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Полиция азаматтарды қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға, сондай-ақ абаттандыру қағидаларын бұзу және қоршаған ортаны ластау фактілері туралы жедел әрекет ету үшін "102" арнасына хабарлауға шақырады.
