Шымкент жастары полиция қызметімен жақын танысты
Шымкент қаласы полиция департаментінің арнайы және қосалқы қызметтері оқушыларға арналған көрсетілімдік іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара "Заң мен тәртіп" қағидатын ілгерілету аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға арнайы жедел әрекет ету жасағы, кинологиялық қызмет және полк қызметкерлері қатысты.
Сонымен қатар Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының тыңдаушылары мен Д.Қонаев атындағы мектептің 70-тен астам оқушысы қамтылды.
Іс-шараның мақсаты – оқушыларды полиция қызметінің негізгі бағыттарымен таныстыру, тәртіп пен жауапкершілікке баулу, сондай-ақ құқық қорғау саласына қызығушылықтарын арттыру.
Көрсетілім барысында арнайы жасақ қызметкерлері қарулы шабуыл кезіндегі қорғаныс тәсілдерін, құқық бұзушыларды ұстау және алып жүру әдістерін көрсетті. Сонымен қатар автокөлікте жүргізілетін арнайы операциялар мен нысанға штурм жасау алгоритмдері таныстырылды.
Кинологиялық қызмет мамандары қызметтік иттердің көмегімен іздестіру және ұстау элементтерін көрсетті. Ал полк қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алу тәсілдерін таныстырды.
Іс-шара барысында қатысушыларға арнайы құрал-жабдықтар, жеке қорғаныс құралдары мен қару-жарақ түрлері көрсетіліп, олардың қолданылу ерекшеліктері түсіндірілді.
Шымкент қаласы полиция департаменті "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайту, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және патриоттық тәрбиесін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
