Абай облысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзған жүргізушіні анықтап, заң аясында шара қабылдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Солардың нәтижесінде Семей қаласындағы Глинки мен Спартак көшелерінің қиылысында Honda автокөлігі тоқтатылды. Көлікті 26 жастағы жүргізуші басқарған.
Тексеру барысында оның жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте бұзғаны белгілі болды. Анықталғандай, жүргізуші бұған дейін 42 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 1 млн 200 мың теңгені құраған. Бұл жағдай жол қозғалысы қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіретінін көрсетеді.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес көлік құралы арнайы айыптұраққа қойылды.
Жалпы алғанда, полиция қызметкерлері "Қорғау" жүйесін тиімді пайдалану арқылы жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын дер кезінде анықтап, алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстарды жалғастыруда. Полиция қызметінің басты мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.