Алматы облысында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған жастар форумы ұйымдастырылды
Алатау қаласына қарасты Еңбек ауылында Мемлекет басшысының "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ауқымды жастар форумы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға ауданның 200-ден астам белсендісі қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға қатысты.
– Форум арнайы спикерлердің қатысуымен өтіп, жастармен ашық диалог алаңына айналды. Кездесу барысында құқықтық мәдениетті арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, киберқылмыстың қауіптері, есірткі қылмысына қарсы күрес, сондай-ақ психологиялық зиян келтіретін заттардың кері әсері кеңінен сөз болды, – деді Алматы облысының бас полицейі Мейрам Әбікеев.
Шараның ашылуында патриоттық әндер орындалып, "Заң мен тәртіп" тақырыбында ұйымдастырылған сурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Үздік деп танылған жұмыстардың авторлары арнайы марапаттарға ие болды.
Аталған форум – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.
Айта кетейік, игі бастама полиция департаментінің есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңесі мен Жастар ресурстық орталығының бірлесуімен жүзеге асырылды.
