Павлодарда тәртіп сақшылары қаза тапқан әріптестерін еске алды
Павлодарда тәртіп сақшылары қаза тапқан әріптестерін еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғужинов, облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр, ардагерлер, департамент басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

— Тәуелсіздік жылдары Павлодар облысы полициясының 8 қызметкері азаматтарды қорғау жолында өз өмірлерін қиды. Олардың ерлігі — жай ғана тарих емес, антқа адалдықтың ең жоғары үлгісі. Олардың жарқын бейнесі бүгінде погон таққан әр қызметкерге мәңгілік бағдар болады, — деп атап өтті ПД бастығы.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев қаза тапқан әріптестердің отбасыларына қолдау көрсету — ведомствоның қасиетті борышы екенін және бұл дәстүр жыл сайын жалғасып келе жатқанын айтты.

Мұндай еске алу рәсімі — қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан сақшылардың ерлігін ұлықтап, олардың есімін ұмытпай, жас ұрпаққа үлгі етуге бағытталған тағылымды дәстүр.

