Ақтауда полицейлер батыр бабалардың рухына тағзым етті
Жеңістің 81 жылдығына орай Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тағылымды шараға департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция қызметкерлері мен жеке құрам қатысты. Тәртіп сақшылары Даңқ мемориалына гүл қойып, елдің бейбіт болашағы үшін жанын қиған қаһармандардың, сондай-ақ қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет еткен жандардың рухына тағзым етті.
Жиналғандар бір минут үнсіздікпен майдангерлердің ерлігіне, қайсарлығына және жанқиярлығына құрмет көрсетті. Жеңімпаз ұрпақтың ерен еңбегі мен батырлығы халық жадында мәңгі сақталатыны атап өтілді.

Іс-шара барысында Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов Жеңіс күнінің маңызы мен оны ұрпаққа дәріптеудің мәніне тоқталды.
— Жеңіс күні — ерлік пен бірліктің, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің символы. Біз бейбіт өмір мен еркіндік үшін жанын қиған ардагерлердің ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз. Олардың батырлығы мен елге адалдығы — жас ұрпаққа үлгі. Батырларды ұлықтау және олардың ерлігін ұмытпау — баршамыздың ортақ парызымыз, — деді департамент бастығы.
Іс-шара соңында полиция қызметкерлері ардагерлерге алғыс білдіріп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.

