СҚО-да полицейлер ірі көлемдегі синтетикалық есірткі мен гашиш майын тәркіледі
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер есірткі жеткізудің тағы бір арнасының жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Оңтүстік" бақылау-өткізу бекетінде тәртіп сақшылары Audi автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында 26 жастағы жолаушыдан есірткі заттарын тапты.
Күдіктінің күртесінің ішінен вакуумды қаптамаға салынған сары түсті желе тәрізді зат оралған түйіншек тәркіленді. Сараптама оның салмағы 1200 грамм болатын гашиш майы екенін көрсетті. Полицейлердің мәліметінше, мұндай көлемдегі есірткі 3 мыңнан астам адамды нашақорлыққа тартуға жетеді.
Сонымен қатар күдіктінің жалдамалы пәтерін тінту кезінде "жасырын орындарға" салуға дайындалған орамдардағы 100 грамм α-PvP синтетикалық есірткісі, электронды таразылар және есірткіні өлшеп-орауға арналған құралдар тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жалпы, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер есірткі жеткізудің 10 арнасының жолын кесті.
