Таразда пробация есебіндегі азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілді
Таразда пробация есебіндегі азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Тараз қаласы №3 пробация қызметінің есебіне түзеу мекемесінен жазасының өтелмеген бөлігін пробациялық бақылау тәртібімен өтеуге босатылған азамат тіркеуге алынды. Азаматтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын зерделеу барысында оның тұрақты тұрғылықты мекенжайының жоқ екені анықталды.
Осыған байланысты пробация қызметінің қызметкерлері тарапынан сотталған азаматқа әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағытында тиісті жұмыстар ұйымдастырылды. Пробация инспекторлары азаматпен профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оның қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету мақсатында қажетті шараларды қолға алды.
Азаматтың әлеуметтік жағдайын ескерген пробация қызметінің мамандары оны уақытша орналастыру және алғашқы қажетті көмектермен қамтамасыз ету мақсатында Тараз қалалық әлеуметтік көмек көрсету орталығына орналастыруға ықпал етті. Қазіргі таңда орталық тарапынан азаматқа тұрмыстық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп, қалыпты өмір сүруіне қажетті жағдайлар жасалуда.
Пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – есепте тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесу және қайта қылмыс жасаудың алдын алу. Осы бағытта пробация қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен және әлеуметтік мекемелермен бірлесіп жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді.
Айта кету керек, пробация қызметі тек бақылау жасаумен шектелмей, сотталған азаматтардың қоғамға қайта қосылып, заң талаптарын сақтай отырып өмір сүруіне жан-жақты қолдау көрсетуді басты назарда ұстайды. Әлеуметтік көмек көрсету, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, құжаттандыру мәселелерін шешуге ықпал ету және психологиялық қолдау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.
