Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында сотталғандарға жалпы орта білім туралы аттестат табысталды

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №59 мекемеде сотталғандарға жалпы орта білім туралы аттестат табысталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №59 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың білім алуына бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы ретте мекеме жанындағы кешкі мектепте білім алып, оқу бағдарламасын толық меңгерген сотталғандарға жалпы орта білім туралы мемлекеттік үлгідегі аттестаттар салтанатты түрде табысталды.

Білім беру үдерісінің негізгі мақсаты – сотталғандардың білім деңгейін арттыру, олардың жеке тұлға ретінде дамуына ықпал ету, заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру және қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау.

Оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған сотталғандар белгіленген пәндер бойынша қорытынды аттестаттаудан өтіп, тиісті нәтижелерге қол жеткізді. Соның нәтижесінде оларға жалпы орта білім туралы аттестаттар табысталып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.

Айта кету қажет, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі – олардың білім алуына жағдай жасау. Білім беру үдерісі сотталғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, дүниетанымын кеңейтуге, болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне елеулі ықпал етеді.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №59 мекемесінде алдағы уақытта да сотталғандардың білім алуын, кәсіптік дағдыларды меңгеруін және құқықтық санасын арттыруға бағытталған іс-шаралар жалғасын табатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру