Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында оқушыларға арналған есірткіге қарсы акция өтті

Жамбыл облысында Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай 25 мамыр мен 26 маусым аралығында бір айлық акция өткізілуде. Осы бастама аясында Жуалы ауданындағы Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназиясында "Оқушылар есірткіге қарсы" тақырыбында профилактикалық дәріс пен танымдық акция ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдерімен бірлесіп өткізді.

Кездесу барысында мамандар оқушыларға есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны мен оны қолданудың ауыр салдары туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар денсаулықты сақтау, жеке жауапкершілік және дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыру мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Шара барысында оқушыларға салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы, спортпен және шығармашылықпен айналысудың пайдасы кеңінен насихатталды. Сондай-ақ жастарды зиянды әдеттерге жетелейтін қауіп факторларынан сақ болу қажеттігі айтылды.

Кездесудің ерекше әсерлі бөлігі кинологиялық қызметтің көрсетілімі болды. Полиция қызметкерлері қызметтік иттердің көмегімен тыйым салынған заттарды анықтау тәсілдерін көрсетіп, құқық қорғау органдары қызметінің қыр-сырымен таныстырды. Бұл көрініс оқушылардың зор қызығушылығын тудырды.

Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық іс-шаралар жасөспірімдер арасында есірткіге қарсы теріс көзқарас қалыптастыруда, құқықтық сауаттылықты арттыруда және салауатты өмір салтын дәріптеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Акция соңында оқушылар полицияның төрт аяқты көмекшілері — қызметтік иттермен естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру