Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті патриоттық тәрбиеге бағытталған іс-шара өткізді
Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті Кемел Тоқаев рухына тағзым етуге арналған патриоттық іс-шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұйымдастыруымен Кемел Тоқаев атындағы саябақта патриоттық бағыттағы іс-шара өткізілді.
Іс-шараға ҚАЖ департаментінің жеке құрамы, ардагерлер, Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының өкілдері, генералдар кеңесі мүшелері, сондай-ақ "Жас сақшы" сыныбының оқушылары қатысты.
Іс-шараның негізгі бөлігі "Жас сақшы" сыныбының қатысуымен шырша көшеттерін отырғызу акциясына арналды. Аталған бастама ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, жас буынның отансүйгіштік рухын және жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталды.
Салтанатты рәсім барысында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің рухына тағзым ретінде Кемел Тоқаев мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді. Қатысушылар бір минут үнсіздікпен қаза болған қызметкерлерді еске алды.
Бағдарлама аясында қатысушыларға жазушы Кемел Тоқаевтың шығармалары желісі бойынша театрландырылған қойылым ұсынылып, танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Рысбек Тургумбаев "Жас сақшы" жобасының тәрбиелік маңызына тоқталды.
– "Жас сақшы" сыныбының қатысуымен өткізілетін мұндай іс-шаралар жас буынның бойында Отанға адал қызмет ету, заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді, – деді департамент бастығы.
Іс-шара соңында қатысушылар Кемел Тоқаев музейін аралап, тарихи-танымдық материалдармен танысты.
