Мемлекеттік рәміздер күні: ҚАЖД қызметкерлері патриоттық шараға қатысты
Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкерлері Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қонаев қаласының Орталық алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынға Алматы облысының әкімі, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың басшылары, күштік құрылымдардың өкілдері, әскери қызметшілер, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Аталған іс-шараға Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы мен жеке құрамы да белсенді түрде қатысып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін білдірді.
Салтанатты рәсім Мемлекеттік Туды көтеруден басталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен жалғасты. Іс-шара барысында мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігі мен бірлігінің басты нышандары ретіндегі маңызы кеңінен насихатталды.
ҚАЖ қызметкерлері құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге мемлекеттік рәміздерге тағзым етіп, елдік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мерекелік шараға қатысты. Бұл олардың жоғары азаматтық жауапкершілігі мен патриоттық ұстанымын тағы бір мәрте айқындады.
Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның егемендігі мен тұтастығын білдіретін қасиетті құндылықтар. Оларға құрмет көрсету – әрбір азаматтың парызы әрі елге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
