Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полицейлер Мемлекеттік рәміздер күніне орай ант қабылдау рәсімін өткізді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматы қаласы полиция департаментінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Рәсім жедел қимылдайтын арнайы жасақ базасында өтті.

Іс-шара Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен және Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның салтанатты түрде енгізілуімен басталды. Оған департамент басшылығы, жеке құрам қызметкерлері және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Жеке құрам алдында сөз сөйлеген Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов мемлекеттік рәміздердің ел бірлігін нығайтудағы, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі және қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырудағы ерекше рөліне тоқталды.

– Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің ғана емес, халқымыздың тарихы мен мәдениетінің, егемендігіміздің айқын көрінісі. Полиция қызметкерлері үшін олардың мәні айрықша. Біз күн сайын қызметке кірісе отырып, мемлекет пен халыққа адал қызмет етуге берген антымызды іс жүзінде дәлелдейміз. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – біздің басты міндетіміз. Осы жолда мемлекеттік рәміздер біз үшін мақтаныштың ғана емес, кәсіби жауапкершілік пен адамгершілік ұстанымның да символы болып қала береді, – деді Айдын Қабдулдинов.

Департамент басшысы полиция қызметі қоғам мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтіп, әрбір қызметкердің заңдылық қағидаттарына берік болып, қызметтік антына адал болуының маңыздылығына тоқталды.

Салтанатты жиын аясында жас полиция қызметкерлерінің ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл олардың кәсіби жолындағы маңызды белес болып, Отанға адал қызмет етуге деген жауапкершілігін айқындады.

Іс-шара барысында қатысушылар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, елге қызмет етудің маңызын тағы бір мәрте айшықтады. Сондай-ақ қоғамның полицияға деген сенімін нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жауапты міндеттерге ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру