Абай облысында жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген жүргізуші ұсталды
Абай облысының полицейлері жалған нөмірмен жолға шыққан өзге облыс жүргізушісін тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында тәртіп сақшылары заң талаптарын айналып өтпек болған жүргізушінің жолын кесті. Полиция қызметкерлері камералардың көмегімен Алматы трассасынан Семей қаласына кіріп келе жатқан, күдік тудырған көлікті байқайды.
Содан облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының іздестіру тобы қызметкерлері аталған көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі құжаттағы деректерге сәйкес келмейтінін анықтады. Көлік тізгінінде Алматы облысының 42 жастағы тұрғыны болған.
Тексеру қорытындысы бойынша көлік арнайы тұраққа қойылды. Жүргізушіге қатысты заң талаптары ескертіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция заң бәріне ортақ екенін тағы бір мәрте еске салады. Нөмірді ауыстырып, жауапкершіліктен жалтаруға болады деген ой – қате түсінік. Өйткені жолдағы әрбір көлік бақылауда, ал заңға қайшы әрбір әрекет назардан тыс қалмайды.
