Петропавлда жас полицейлер ант қабылдады
Петропавл қаласы полиция басқармасында Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жауапты міндетті мойнына алған он жас қызметкер ресми түрде ішкі істер органдарының қатарына қосылды. Олардың басым бөлігі полиция жүргізушілері мен әкімшілік ғимараттарды күзету қызметінің өкілдері.

Әрбір полицей үшін ант қабылдау — өміріндегі ерекше әрі маңызды кезең. Осы сәттен бастап Заңға қызмет ету тек кәсіби міндет қана емес, азаматтық жауапкершілік пен адалдықтың айқын көрінісіне айналады. Жас қызметкерлер әріптестері мен басшылықтың алдында қызметтік борышын адал атқаруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға уәде берді.

Салтанатты шараға Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов, басқарманың Ардагерлер кеңесінің төрағасы Атымтай Аманжолов және СҚО ПД жанындағы консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов қатысты.
Жас полицейлер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындап, ант мәтінін қабылдағаннан кейін аға буын өкілдерінің ақ тілегін тыңдады. Сөз сөйлегендер ішкі істер органдарындағы қызметтің тек кәсіби дайындықты ғана емес, сонымен қатар офицерлік ар-намысқа адалдықты, әділдік қағидатын және қоғам алдындағы жоғары жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Сондай-ақ бүгінгі полиция қызметінің негізгі бағдарына айналған "Заң және тәртіп" қағидатының маңызы ерекше айтылды.

Салтанатты рәсім сап түзеген шерумен аяқталды. Бұл күн жас қызметкерлердің кәсіби жолындағы алғашқы маңызды қадамның символына айналды. Алдағы уақытта олар ант сөзінің салмағын күнделікті қызметімен дәлелдеуі тиіс.
