Ұландықтар джиу-джитсудан халықаралық турнирдің жүлдегері атанды
Ұландықтар джиу-джитсудан халықаралық турнирдің жүлдегері атанды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының “Burkit TEAМ” спорттық командасының әскери қызметшілері джиу-джитсудан республикалық және халықаралық жарыстарда бірқатар жүлделі орындарға ие болды.
Дәлірек айтсақ, 77 кг (М2) дейінгі салмақ дәрежесінде Мәулен Төлешев 1 орынды иеленді. Ал 85 кг (М2) дейінгі салмақ дәрежесінде 2 орынды Жандос Жақыпов жеңіп алды. Осы салмақтағы (М1) 3 орын Әділет Жұмағалиевке бұйырды.
Сондай-ақ 20 маусымда Астанада Kazakhstan International JIU JITSU Championship summer 2 халықаралық турнирі өтті. Онда да Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жоғары нәтижелер көрсетті.
Халықаралық жарыстардың қорытындысы бойынша 85 кг (М2) дейінгі салмақ дәрежесінде Жандос Жақыпов,
85 кг (М1) дейінгі салмақта Денис Яковлев 1 орын иеленіп, жеңімпаз атанды.
Ұлттық ұлан спортшыларының екі беделді турнирде де сәтті өнер көрсетуі спорт командасының әскери қызметшілерін даярлаудың жоғары деңгейін көрсетеді.
Жауынгер спортшылар Қазақстан Республикасы мен Ұлттық ұланды абыроймен таныстырып, кәсіби шеберлік пен жеңіске деген жігерлерін танытты.
