Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

FREE LIFE FEST: ШҚО жастары салауатты өмір салтын таңдайды

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Өскемен қаласындағы "MAXI MALL" сауда-ойын-сауық орталығында ауқымды "FREE LIFE FEST" жастар фестивалі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараны Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, ШҚО Ішкі саясат басқармасының "Жастар орталығы" КММ, ШҚО ПД жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп ұйымдастырды.

Фестивальдің басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу және есірткіні қолдануға деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру.

Іс-шараның ашылуында ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Динат Мусин құттықтау сөз сөйледі.

– Нашақорлықпен күрес – мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың ортақ міндеті. Бүгінде спортты, өзін-өзі дамытуды және салауатты өмір салтын таңдайтын жастардың қатары артып келеді. Біздің басты мақсатымыз – жастарға есірткісіз өмірдің жарқын, мазмұнды әрі табысты бола алатынын көрсету, – деді ол.

Фестиваль белсенді әрі өмірге бейжай қарамайтын ондаған жастың басын қосты. Қатысушылар қол күресі, гір көтеру және арқан тарту жарыстарында бақ сынап, интерактивті және профилактикалық алаңдардың жұмысына қатысты. Ал шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың концерттік бағдарламасы мерекелік көңіл күй сыйлады.

Іс-шара аясында жеңімпаздар мен ең белсенді қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Оларға туристік шатыр, турник, бокс қолғаптары және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған өзге де спорттық құрал-жабдықтар табысталды.

"FREE LIFE FEST" жастар фестивалі спортты, белсенді өмірлік ұстанымды және есірткіге қарсы көзқарасты дәріптейтін маңызды алаңға айналды. Іс-шара қазіргі жастардың денсаулықты, дамуды және есірткісіз өмірді саналы түрде таңдайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру