Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда есептегі сотталған агрокәсіппен айналысуда

Павлодарда есептегі сотталған агрокәсіппен айналысуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Алимент төлемегені үшін сотталған Успен ауданының тұрғыны бүгінде өмірін түбегейлі өзгертіп, табысты агрокәсіпкерге айналды. Оның жылыжайда өсірген өнімдері қазіргі таңда Павлодар қаласының сауда орындарына тұрақты түрде жеткізілуде.

Пробация қызметінің есебіне алыну көптеген азаматтар үшін үлкен сынақ болса, кейбіреулер үшін бұл өмірін қайта бастауға берілген мүмкіндікке айналады. Успен ауданының тұрғыны әлеуметтік бейімделу мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жеке кәсіп ашып, заманауи жылыжай кешенін салды.

Қазіргі таңда ол қияр, қызанақ, баклажан және тәтті бұрыш өсіріп, жергілікті нарықты сапалы көкөніспен қамтамасыз етуде.

– Бұл оқиға қандай қиын жағдайға тап болса да, адамның өз өмірін өзгертуге мүмкіндігі бар екенін дәлелдейді. Ол үшін өткен қателіктерін мойындап, адал еңбек етіп, қоғам мен отбасы алдындағы жауапкершілікті сезіну маңызды, – дейді пробация қызметінің мамандары.

Фермер өндірген жаңа піскен көкөністер Павлодар қаласының сауда орындарында тұрақты сатылып келеді. Ең бастысы – кәсібінен түскен тұрақты табыс оған өндірісін кеңейтумен қатар, сот жүктеген алименттік міндеттемелерін уақытылы әрі толық көлемде орындауға мүмкіндік беріп отыр.

Успен аудандық пробация қызметі жазаны орындауды бақылаумен қатар, есепте тұрған азаматтарды жұмыспен қамтуға, кәсіп бастауына және қоғамға қайта бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетеді.

Успендік көкөніс өсірушінің жетістігі – мемлекет қолдауы мен азаматтың өз өмірін өзгертуге деген шынайы ниетінің нәтижесі. Бұл оқиға еңбекқорлық пен жауапкершіліктің арқасында жаңа өмір бастауға болатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру