Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда жүргізушілердің қауіпсіздігіне бағытталған ерекше акция өтті

Қарағандыда жүргізушілердің қауіпсіздігіне бағытталған ерекше акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған ерекше профилактикалық акция ұйымдастырылды. Бұл жолы полиция қызметкерлері жүргізушілерді құжаттарын тексеру немесе әкімшілік шара қолдану үшін емес, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тоқтатты.

Республикалық маңызы бар автожолда Қарағанды облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көшпелі шиномонтаж шеберханасымен бірлесіп, "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тегін техникалық көмек көрсетті.

Акция барысында жүргізушілердің көліктеріндегі шиналардың ауа қысымы тегін тексеріліп, техникалық жағдайына диагностика жасалды. Анықталған ақаулар көшпелі шиномонтаж мамандарының көмегімен сол жерде жедел жөнделді.

Шараның негізгі мақсаты – көліктің техникалық ақауынан болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, алыс жолға шыққан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, биылғы алты айда республикалық автожолдарда 28 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 32 адам қаза тауып, 18 адам жарақат алған. Оның ішінде "Астана – Қарағанды (айналма жол арқылы) – Алматы" автожолында 13 жол апаты болып, 12 адам көз жұмып, 13 адам жараланған.

Оның айтуынша, апаттардың негізгі себептері – жүргізушінің шаршауы, рөлде қалғып кетуі, жылдамдықты шамадан тыс асыру және қарсы қозғалыс жолағына шығу. Сонымен қатар шиналардың техникалық жай-күйі мен ауа қысымының талапқа сай болмауы да жол қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді.

Жыл басынан бері облыс жолдарында шиналардың тозуы салдарынан дөңгелек қысымының жоғалуынан болған екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан бір адам қаза тауып, бір адам жарақат алған.

Көшпелі шиномонтаж шебері Илья Земляков акция барысында Алматы бағытына жол тартқан көліктердің бірінде шиналардағы ауа қысымының қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары екенін анықтағанын айтты. Мамандар қысымды қауіпсіз деңгейге түсіріп, жүргізушіге мұндай жағдайдың аптап ыстықта шинаның қызып, жарылуына әкелуі мүмкін екенін түсіндірді.

Ерекше форматтағы акция жүргізушілердің оң бағасына ие болды. Олар мұндай профилактикалық шараның демалыс маусымы мен алыс сапарлар кезінде аса маңызды екенін атап өтті.

Қарағанды облысы полиция департаменті жүргізушілерге жолға шығар алдында көліктің техникалық жай-күйін мұқият тексеруге, әсіресе шиналардың жағдайы мен ауа қысымына ерекше көңіл бөлуге, сондай-ақ шаршаған күйде көлік басқармауға, жылдамдық режимін сақтауға және қажет болған жағдайда міндетті түрде демалуға кеңес береді.

Кейде көлікті тексеруге кеткен бірнеше минуттың өзі адам өмірін сақтап қалуға себеп болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру