Қызмет пен спортты қатар алып жүрген полицей "Қазақстан Барысына" жолдама алды
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов "Алматы Барысы – 2026" іріктеу турнирінің күміс жүлдегері, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкері Жансерік Жұмабайды қабылдап, жеңісімен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жоғары спорттық нәтижесінің арқасында полиция қызметкері қазақ күресінен еліміздегі ең беделді додалардың бірі – "Қазақстан Барысы" республикалық турниріне жолдама алып, Алматы қаласының намысын қорғайтын болады.
Департамент бастығы спортшыға табанды еңбегі мен жоғары нәтижесі үшін алғыс айтып, оның жетістігі қайсарлықтың, тәртіптің және ұлттық спортқа деген адалдықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.
- Полиция қатарында қызметтік міндетін абыроймен атқарып қана қоймай, спортта да биік белестерді бағындырып жүрген қызметкерлеріміз бар екенін мақтан тұтамыз. Бұл жетістік – тынымсыз еңбектің, темірдей тәртіп пен табандылықтың нәтижесі. Алдағы республикалық турнирде Алматының және полиция қауымдастығының абыройын лайықты қорғайтыныңызға сенімдімін. Күш-жігеріңіз бен төзімділігіңізді, жеңіске деген жігеріңізді толық танытып, биіктен көрініңіз. Белдесулеріңіз сәтті өтіп, жеңістеріңіз көп болсын, – деді Айдын Кабдулдинов.
Алматы қаласы полиция департаментінде дене шынықтыруды дамыту және ұлттық спорт түрлерін қолдау ішкі істер органдары қызметкерлерін тәрбиелеудің маңызды бағыттарының бірі екені атап өтілді.
Полиция қызметкерлерінің спорттағы жетістіктері ведомствоның беделін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын ұстану мен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетеді.
