Қарағандыда сотталғандар Абай музейіне виртуалды саяхат жасады
Абай күні қарсаңында Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №29 мекемеде сотталғандарға арналған ерекше танымдық іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Заманауи виртуалды шынайылық технологиясының мүмкіндіктері арқылы 17 сотталған мекеме аумағынан шықпай-ақ Семей қаласындағы "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына виртуалды саяхат жасады.
Аталған музей – қазақтың ұлы ойшылы, ақын, философ әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттайтын еліміздегі ірі рухани-мәдени орталықтардың бірі.
VR-көзілдіріктердің көмегімен қатысушылар музей залдарын үш өлшемді форматта аралап, ұлы ақынның өмір жолына қатысты құнды жәдігерлермен, тарихи бұйымдармен және архивтік материалдармен танысты. Виртуалды экскурсия оларға музейдің ерекше атмосферасын сезініп, Абай әлеміне жақындай түсуге мүмкіндік берді.
Мұндай тағылымды шаралар сотталғандардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға, дүниетанымын кеңейтуге, ұлттық мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға және ел тарихындағы көрнекті тұлғаларға құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған.
– Сотталғандарды рухани тұрғыдан тәрбиелеу, олардың мәдени құндылықтарға қызығушылығын арттыру – тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Виртуалды шынайылық технологиялары арқылы оларды жазаны өтеу тәртібін бұзбай-ақ еліміздің тарихи орындарымен таныстыруға мүмкіндік бар. Абай күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл экскурсия ұлы ойшылдың мұрасын тереңірек тануға, оның адамгершілік қағидаттары мен өмірлік ұстанымдары туралы ой түюге жол ашты, – деді №29 мекеме бастығының орынбасары Жансейіт Әбілқасымов.
Іс-шараға қатысқан сотталғандардың бірі виртуалды экскурсияның әсерлі өткенін атап өтті.
– Абай музейін виртуалды түрде аралап, оның өмірі мен шығармашылығы туралы жаңа мәліметтер алдым. Мұндай танымдық шаралар адамның ой-өрісін кеңейтіп, өткенді бағалауға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді ол.
Осындай мәдени-ағартушылық жобалар сотталғандардың тұлғалық дамуына ықпал етіп, олардың қоғамға қайта бейімделуіне, ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне және оң көзқарас қалыптастыруына бағытталған.
