Ұлытау облысында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Ұлытау облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында полиция профилактикалық есепте тұрған 568 адамды бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар өңірде 629 қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 257 ерекше талап белгіленді.
Аталған шаралар тұрмыстық жанжалдардың ушығуына жол бермеуге, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және зардап шегу қаупі бар азаматтарды қорғауға бағытталған. Полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған адамдармен жұмыс жүргізіп, олардың заң талаптарын сақтауын бақылауда ұстайды.
Отбасындағы зорлық-зомбылықты жеке мәселе деп қарастыруға болмайды. Қорқыту, қысым көрсету және күш қолдану белгілеріне дер кезінде назар аудару ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайлар туралы полицияға уақытылы хабарлау құқық бұзушылықтың жолын кесіп, оған заң аясында тиісті баға беруге ықпал етеді.
Ұлытау облысының полициясы азаматтарды отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне бейжай қарамауға шақырады. Егер өзіңізге немесе жақындарыңызға қауіп төнсе, полицияға дереу хабарласыңыз.
Отбасындағы қауіпсіздік – зорлық-зомбылыққа төзбеуден және оған дер кезінде әрекет етуден басталады.
