Жолдағы қауіпсіздік бірінші орында: СҚО-да жүргізушілерге профилактикалық шара өткізілді
Солтүстік Қазақстан облысында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелерде жүргізушілердің жылдамдығын төмендетуге бағытталған профилактикалық шаралар өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы Челябі – Новосібір автожолының апат қаупі жоғары учаскесінде, Булаево қаласына жақын маңда полиция қызметкерлері жолдың жүру бөлігін уақытша тарылтты. Арнайы шектеу құралдарының көмегімен жүргізушілер елдімекенге жақындаған кезде жылдамдығын төмендетіп, жол жағдайына мұқият назар аударды.
Мұндай шараның маңызы жол-көлік оқиғаларының статистикасынан да көрінеді. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 287 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 25 адам қаза тауып, 414 адам жарақат алған. Оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарда 48 жол-көлік оқиғасы болып, 19 адам көз жұмған, 85 адам жарақат алған.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері дронның көмегімен жолдағы жағдайды бақылап, көлік құралдарын тексерді және жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізді. Тәртіп сақшылары шаршаған күйде көлік жүргізбеу, белгіленген жылдамдықты сақтау және қарсы қозғалыс жолағына шықпау қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар криминалдық полиция қызметкерлері жүргізушілерге интернет-алаяқтық пен өзге де қылмыстардан сақтануға арналған ақпараттық жадынамалар таратты.

Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай жұмыстардың мақсаты – жүргізушілерді жазалау немесе айыппұл санын көбейту емес, жолдағы қауіпті жағдайлардың алдын алып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.
Бұған дейін осындай профилактикалық шаралар облыстың Қызылжар және Мамлют аудандарында да жүргізілген.
"Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 10 тамызда басталып, 12 тамызға дейін жалғасады. Оның негізгі мақсаты – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың алдын алу және жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
