Жол – әлеуметтік желіге арналған алаң емес: Павлодарда жүргізуші жауапқа тартылды
Павлодар қаласында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысына қауіп төндіретін әрекетті бейнелеген видеоны анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кадрларда қала көшелерінің бірінде екі дөңгелекті Honda көлігін тізгіндеген жүргізушінің рөлді қолын пайдаланбай басқарғаны көрінеді.
Көлікті мұндай тәсілмен басқару жүргізушінің жол жағдайындағы өзгерістерге дер кезінде әрекет ету мүмкіндігін шектеп, төтенше жағдай туындаған сәтте көлікке толық бақылау жасауға кедергі келтіреді. Бұл әрекет жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіреді.
Полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтап, жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін оны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
– Жүргізушінің жеке басы анықталды. Жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін оған қатысты әкімшілік шара қолданылды. Жалпы жыл басынан бері жол қозғалысы қағидаларын бұзған 199 822 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Полиция азаматтарға жолдағы қауіпсіздікке немқұрайлы қарамауға шақырады. Жол – әлеуметтік желіде қаралым жинап, өзгелердің назарын аудару немесе түрлі қауіпті әрекеттерді сынап көру үшін арналған орын емес.
Интернеттегі бірнеше секундтық танымалдық үшін өз өміріңіз бен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қатерге тігуге болмайды. Жолдағы әрбір әрекет – жауапкершілікті талап етеді.
