Полиция мал иелерін қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады
Полиция мал иелерін қауіпсіздік талаптарын сақтауға ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Абай облысында үй жануарларының кесірінен сегіз жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Мұндай жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі — малды қараусыз жаю. Иелерінің немесе бақташыларының бақылауынсыз қалған жануарлар автожолдарға шығып кетеді. Әсіресе қараңғы уақытта және жарықтандырылмаған жол учаскелерінде көлікпен соқтығысу қаупі жоғары.
Абай облысы полиция департаменті ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының себептерін тұрақты түрде талдап, алдын алу шараларын жүргізіп келеді.
Полиция мал иелерін жануарларды қараусыз қалдырмауға және олардың автомобиль жолдарына шығуына жол бермеуге шақырады. Малдың бақылаусыз жайылуы жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
