Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында тазалық талаптарын бұзудың 9 мыңнан астам дерегінің жолы кесілді

Абай облысында қоғамдық тәртіпті сақтау, санитариялық тазалықты қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері елдімекендердегі қоғамдық орындар мен аумақтарды бақылауға алып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтік және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруда. Негізгі мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар қоғамдық тәртіп пен тазалық мәдениетін қалыптастыру.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Анықталған барлық дерек бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 780 дерегі, сондай-ақ елдімекендерді абаттандыру қағидаларын бұзудың 8246 фактісі анықталды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алу – күнделікті жұмыстың маңызды бағыттарының бірі.

– Біздің міндетіміз – құқық бұзушылық болғаннан кейін ғана шара қолдану емес, оның алдын алу. Сондықтан рейдтік іс-шаралар барысында тұрғындарға қолданыстағы талаптарды түсіндіріп, ескерту жұмыстарын да жүргіземіз. Қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіп – баршаға ортақ жауапкершілік. Бір адамның немқұрайлы әрекеті айналасындағыларға қолайсыздық туғызуы мүмкін. Сол себепті әр азамат өз әрекетіне жауапкершілікпен қарағаны маңызды, – дейді полиция қызметкерлері.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қоғамдық тәртіпті сақтау тек полиция қызметкерлерінің жұмысына байланысты емес. Бұл бағытта тұрғындардың да белсенді азаматтық ұстанымы маңызды рөл атқарады. Белгіленбеген жерге қоқыс тастамау, абаттандыру талаптарын сақтау, табиғи аумақтарға зиян келтірмеу және қоғамдық орындарда тәртіпті бұзбау – қарапайым әрі маңызды талаптар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру