Қызылорда облысында болашақ заңгерлерге арналған жаңа дәрісхана ашылды
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде “Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік құқығы” дәрісханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа дәрісхананың ашылу рәсіміне Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров, полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов, университет ректоры Наурызбай Байқадамов, “Құрмет” орденінің иегері, ҚР ІІМ-нің “Құрметті ардагері”, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Тастемір Рахимов, II дәрежелі “Айбын” орденінің иегері, Ішкі істер органдарының құрметті ардагері, заң ғылымдарының кандидаты Ғанибек Отарбаев, Қызылорда облысы полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов, құқық қорғау органдарының сала ардагерлері, профессор-оқытушылар, студенттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Дәрісхана студенттердің қылмыстық-процестік құқық саласындағы теориялық білімін тереңдетіп, құқық қорғау органдарының практикалық қызметімен танысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұнда болашақ заңгерлердің кәсіби дағдыларын қалыптастыруға бағытталған дәрістер, практикалық сабақтар және кездесулер өткізу жоспарланған.
Салтанатты шара барысында арнайы дәрісхананың лентасын қию рәсімі өтті. Лентаны Ризабек Ожаров, Серік Ергешов, Наурызбай Байқадамов және Тастемір Рахимов кесті. Сонымен қатар тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында меморандумға қол қойды. Аталған рәсім өзара серіктестіктің жаңа кезеңін айқындаған маңызды қадам болды.
Іс-шара аясында “Заң мен тәртіп” тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде құқықтық сауаттылықты арттыруға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті насихаттауға бағытталған әдебиеттер көпшілік назарына ұсынылды.
Кітап көрмесінің ашылу барысында Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы С.Ергешов сөз сөйлеп, студенттерге заң мен тәртіптің қоғамдағы маңызы, құқық қорғау саласының жауапкершілігі және жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар университет кітапханасының қорын толықтыру мақсатында бірқатар кітаптарды сыйға тартты. Бұл бастама білім алушылардың құқықтық білімін жетілдіруге және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Университет ректоры Наурызбай Байқадамов полиция департаментінің бастығы Ергешов Серік Жүрсінбайұлына “Қорқыт Ата университетінің Алтын медалін” табыстады. Сондай-ақ құқық қорғау органдарында табысты қызмет атқарып жүрген полиция департаментінің қызметкерлері Салтанат Мұратова, Әділхан Смаилов, Батырхан Жандуллаев, Дәулетхан Байменов “Қорқыт Ата университетінің Үздік түлегі” медалімен марапатталды. Марапаттау рәсімі құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген университет түлектерінің кәсіби жетістіктерін атап өтіп, олардың еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.
Аталған шара білім беру мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайтып, болашақ заңгерлердің кәсіби даярлығын жетілдіруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.
