Учаскелік полиция инспекторының бір күні
Қызылорда қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы қызметі жайлы баяндады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі.
Бұл бағытта күнделікті қызмет атқарып жүрген Қызылорда қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Исатай Мейіржан Мейрамжанұлы.
Ювеналды полиция инспекторының бір күні таңертең қызметтік міндеттерін жоспарлаудан басталады. Күн барысында ол профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдермен жұмыс жүргізіп, олардың тұрмыс жағдайын зерделейді, сондай-ақ ата-аналарымен және заңды өкілдерімен профилактикалық әңгімелесулер өткізеді.
Қызмет барысында инспектор білім беру ұйымдарына барып, оқушылармен кездесулер ұйымдастырады. Мұндай кездесулерде жасөспірімдерге қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтарға жол бермеу, заң талаптарын орындау және қауіпсіздік ережелерін сақтау түсіндіріледі.
Сонымен қатар полиция қызметкері кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың қараусыз және қадағалаусыз қалуының алдын алуға бағытталған жұмыстарға қатысады.
Ювеналды полицияның жұмысы тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет етумен шектелмейді. Негізгі мақсат – құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін жағдайларды алдын ала анықтап, оның алдын алу және жасөспірімдердің қауіпсіз ортасын қалыптастыру.
– Әр баланың қауіпсіздігі – басты назарда. Жасөспірімдерге заң талаптарын түсіндіріп қана қоймай, олардың құқықтарын білуіне және дұрыс бағыт таңдауына ықпал ету маңызды, – дейді Мейіржан Исатай.
Ювеналды полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, ал жасөспірімдерді заң талаптарын сақтап, құқық бұзушылықтан аулақ болуға шақырады.
