Тілі басқа, тілегі бір: Жамбыл облысы полиция департаментінде этнос өкілдері бас қосты
Жамбыл облысы полиция департаментінде Қазақстан халқының Тілдері күніне орай "Парасатты полицей" тіл апталығы аясында "Тіл — тірлік пен бірліктің тұтастығы" атты тағылымды іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға департаменттің басшылық құрамы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының, Ш. Уәлиханов атындағы облыстық кітапхананың өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар түрлі этностардың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптейтін қолөнер бұйымдары, тарихи жәдігерлер мен ұлттық тағамдар қойылған көрмені тамашалады.
Дөңгелек үстел барысында өзбек, әзірбайжан, орыс, кәріс, түрік және күрді этностарының өкілдері мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, тілге құрмет, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызы жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында ұлттық өнерге де ерекше мән берілді. Кәріс этносының өкілі қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының "Желсіз түнде жарық ай" әнін орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал әзірбайжан этносының өкілі ел бірлігі мен достықты арқау еткен өз туындысын оқып, жүрекжарды жырын жеткізді. Сонымен қатар қатысушылар өлең оқып, домбырамен күй шертіп, өнерлерін ортаға салды.
— Мемлекеттік тіл — баршамызды біріктіретін ортақ құндылық. Тілді құрметтеу — елді, Отанды құрметтеу. Полиция қатарында түрлі этнос өкілдері бір мақсат жолында — халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аянбай қызмет етіп келеді. Бұл — қоғамдағы татулық пен бірліктің жарқын көрінісі, — деді ПД бастығының орынбасары Асет Оспанов.
Іс-шара соңында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және тіл мәдениетін дамытуға белсенді үлес қосып жүрген өзге этнос өкілдерінен құралған полиция қызметкерлеріне Алғыс хаттар табысталды.
Тілі әртүрлі болғанымен — тілегі бір. Ұлты әртүрлі болғанымен — Отанымыз ортақ.
