Қару – үлкен жауапкершілік: полиция қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады
Заңсыз аңшылық пен балық аулау фактілерінің алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шаралар барысында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Ертіс өзенінің жағасында азаматтық қаруды пайдалану қағидаларын бұзу дерегін анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тексеру барысында ер адамның өз атына тіркелген аңшылық қаруын оқталған және қаптамасыз күйде алып жүргені белгілі болды. Бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу болып табылады.
– Жануарлар дүниесін пайдалану және аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материал толтырылып, тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Полиция қару иелеріне қаруды сақтау, алып жүру және тасымалдау қағидаларын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады.
