Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Күрделі саладағы қайсар жол: ардақты ардагердің өнегелі ғұмыры

Ақсуат – талай ақынның жырына арқау болған, елге құт дарыған мекен. Осы өңірден түлеп ұшқан абзал азаматтар баршылық. Сондай көңілі мөлдіреген ақ суаттай азаматтың бірі – ІІО-ның ардақты ардагері Ернат Ақылжанов. Семей облысы Ақсуат ауданының Жәнтікей ауылында дүниеге келген ол еңбек пен адалдықты отбасынан бойына сіңіріп, өмірінің 23 жылын қылмыстық-атқару жүйесіне арнаған. Қызмет жолында жазасын өтеп жатқан түрлі тағдырлы адамдармен жұмыс істеп, жүйеде басшылық қызметтер атқарған Ернат Ақылжанов кәсіби міндетін тек тәртіп пен талап аясында емес, адам тағдырын түсінуге ұмтылған азаматтық ұстаныммен де ұштастыра білді. Оның ширек ғасырға жуық еңбек жолы – қиын саладағы қызмет, адам тағдыры және адалдық ұстанымы тоғысқан ғибратты өмір жолы.

Осы орайда Polisia.kz ақпараттық порталы оқырман назарына "Сақшы" газетінде жарық көрген Ернат Ақылжанов туралы мақаланы ұсынады.

Кейіпкеріміз жоғарыда атап өткен көркем ауылдағы үлгілі отбасының тәлімді тәрбиесін бойына сіңіріп өскен азамат. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін әкесі Кенжеханның балаларынан талап ететін ең басты талабы адалдық болды. Ал жүрегіне адалдықтың дәні себілген баланың адам қасиетін кетіретін әдеттерден аулақ болатыны белгілі.

Ернат Кенжеханұлының отбасында осындай тәлім тұғырының нық болуының бір себебі – анасы Сайрамхан Ахметжанқызының ұстаз болуы да отбасындағы төрт баланың тәрбиесіне ықпал етпей қойған жоқ. Негізінде, барлық ананың мақсаты – перзенттерін елге елеулі, халыққа қалаулы азамат етіп тәрбиелеу, десек те педагог ананың бала тәрбиесіне деген ықпалы ерекше болады. Сол бір кеңес кезінде ұстаздар отбасындағы баланың санасына "мұғалімнің баласының тентек болуға қақысы жоқ" деген жазылмаған заң сіңіп қалатын. Осылайша тал бесіктен басталатын тәрбие ауыл баласын тек тәртіпті ғана емес, кішкентайынан шымыр етіп те өсіреді. Қабырғасы қата бастағаннан-ақ үй шаруасына төселетін ер балалар шаруақорлығымен қоса, ата-анасына қолғабыс ете жүріп, жауапкершілікті де ерте түсінеді. Өйткені бақша қарау, мал қоралау, су тасу, отын дайындау сияқты айтуға кішігірім болғанымен, жауапкершілігі мол жұмыс ауыл баласын ерте есейтеді. Кішкентайынан арқалаған сол жауапкершілік ертең өз бетінше еңбек еткенде адамды абыройға жеткізер бірінші баспалдақ болары анық. Ернат Кенжеханұлы да осындай ортада пісіп-жетілген адам.

– Әулетіміздің ақсақалдары Ұлы Отан соғысында қаза тапты. Үлкендерден тек әжелеріміздің әңгімесін естіп өстік. Олардың ақыл-кеңесіне құлақ асу – отбасы берекесінің негізі. Үй тіршілігінен қол босағанда ғана ойнайтынбыз. Қазір қарап отырсам сол бала кездегі ойындардың өзі тұнып тұрған тәрбие екен ғой! Ер бала болған соң шекісетін де, тіптен төбелесетін де кездер болады. Ондайда әкем кімнің әрекеті әділ, соған жақтасатын. Сол арқылы табиғатымызға адалдықты сіңіріпті. Бар айтатыны "өзің соқтықпа, соқтыққан адамға намысыңды таптатпа" еді. Сол принцип өмірлік кредома айналды, – дейді Ернат Кенжеханұлы.

Осындай ортадан шыққан бозбала Ернат болашақ өмірінің алғашқы баспалдақтарының шегесін нық қақты. Өмір деген ұлы сапарда да оның бағы жанған азамат. 1988 жылы Қазақ Ғылым академиясындағы еңбек жылдары мен аспирантурадағы ұстаздары ғылым саласының аймаңдай азаматтары, ғылым докторы Садыхан Саржанов пен академик Сұлтан Сартаев болды. Әсіресе құқықтану саласындағы ғылыми жетекшісі болған Сұлтан Сартаевтан үйренгені аз емес.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Ернат Кенжеханұлы өмірінің 23 жылын сұсы басым да қатерлі сала – қылмыстық-атқару жүйесіне арнаған. Оның қызметі соқтықпалы, соқпағы көп тіршілікте өз соқпағын таба алмай, жазалы болған жандармен байланысты болды. Иә, ол осы ширек ғасырда қасақана қылмыс жасап өмірден өшін алған кәнігі қылмыскермен де, аңғалдықпен аяғын шалыс басқан аңғал қылмыскермен де бетпе-бет келді. Әрқайсысының тағдыры туралы ойласаң, жүрекке жүк болатын жайлар көп. Ол тек басшы ғана емес, тағдырлы адамдардың жанын түсіне алатын қосшы да бола білді десек артық айтқандық емес.

Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет ету үшін кәсіби іскерлікпен қатар кез келген қауіпті жағдайға төзімді бола алатын да қасиеттің алатын орны ерекше. Сотталғандармен жұмыс істеу кез келген адамның қолынан келе бермейді, өйткені темір тордың ішіндегі өмірді басқарудың бостандықтағы өмірден айырмасы ерекше. Бірақ талайына тағдыр таңбасы басылған сан қилы адамдардың ортасында жүру Ернат Кенжеханұлын азаматтық жағынан да, психологиялық жағынан да шыңдады.

Ол қарапайым қызметкерден бастап жауапкершілігі жоғары басшылық қызметтердің де құлағын ұстады. Қылмыстық-атқару жүйесінің барлық саласынан өткен Е.Ақылжанов Алматы қаласы және Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінде бастықтың орынбасары болса, Ақтөбе облысы және Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерін басқарды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басқармаларында басшы болды.

Өзіндік қиындығы көп күрделі жүйенің ыстығына күйіп, суығына тоңа білген Ернат Кенжеханұлы аталған саланың тоқырау жылдарынан кейінгі тарихына куә бола жүріп, шешілуі қиын шаруалардың бел ортасынан табылды.

– Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі үшін 1990-2000 жылдар аралығы – жүйелік дағдарыс пен заңнамалық реформалар қатар жүрген ең ауыр кезең. КСРО-ның ыдырауы, өтпелі кезеңдегі экономикалық тығырық және қылмыстың күрт өсуі түзеу мекемелерін өте мүшкіл халге жеткізді. 90-жылдардағы экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық пен ұйымдасқан қылмыстың өршуі сотталғандар санының күрт өсуіне әкелді. Қазақстан бас бостандығынан айыру орындарындағы адам саны бойынша әлемде үшінші орынға дейін көтерілді. Тергеу изоляторлары мен мекемелерде ұсталған адамдардың саны екі есеге дейін артты. Тіптен сотталғандар кезекпен ұйықтайтын жағдайларға дейін барды. Тар камералар мен сапасыз тамақ салдарынан сотталғандар арасында туберкулез бен өлім-жітім көрсеткіші жоғары болды. Түрмелерде ішкі тәртіп әлсіреп, заңсыз субмәдениет пен криминалдық авторитеттердің ықпалы күшейді. Мекемелерде жаппай тәртіпсіздік, әкімшілікке бағынбау және жазадан жалтару деректері жиіледі. Қызметкерлердің жалақысы аз әрі айлап қолына тимейтін, содан барып кадр тапшылығы туындады, – деп еске алады сол бір ауыр жылдарды ардақты ардагер.

Әділет полковнигі Ернат Ақылжанов қылмыстық-атқару жүйесіне жасалған реформалар туралы сөз еткенде, өзі қызмет еткен саланың қыр-сырына қанық білікті басшы ретінде сол кезеңдегі өзгерістер мен жүйенің қалыптасу жолын да кеңінен еске алады.

– 1990 жылдың аяғында басталған реформалар Қазақстанның пенитенциарлық жүйесін ескі кеңестік репрессивті модельден қазіргі заманғы құқықтық сипатқа көшіру қажет екенін айқын көрсететін қадам болды. 1998 жылы жаңа Қылмыстық-атқару кодексі күшіне енді. Ол кеңестік "еңбекпен түзеу" жүйесінен халықаралық стандарттарға көшудің алғашқы баспалдағы еді. Сотталғандар санын азайту мақсатында бірнеше рет ауқымды рақымшылық жарияланды және жеңіл қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға балама жазалар енгізілді. Түзеу мекемелеріндегі құқық қорғау, тәртіп сақтау бағытында айтарлықтай жақсы өзгерістер басталды. Қазір барлық мекемеде бейнебақылау жүйесі орнатылған, материалдық-техникалық база жаңарып жатыр. Қызметкерлердің жалақысы едәуір көтерілді. Халықаралық стандарттарға сай мекемелер салынуда, – деді ҚАЖ ардагері.

Ернат Кенжеханұлы Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы болып тұрған кезең облыстағы қылмыстық ахуалдың бір күрделі шақ еді.

11 жыл бұрынғы елді дүр сілкіндірген Ақтөбедегі лаңкестік оқиға қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері үшін де үлкен сын кезең болды. Жедел-профилактика есебінде экстремистік, террористік қылмыстарға қатысты баптармен сотталғандар мен мекемелердің жедел ахуалына әсер ететін қылмыстық әлемнің беделділері көп болды. Осындай сын кезеңде облыстық ҚАЖД бастығы Е.Ақылжанов өзінің кәсіби іскерлігін таныта білді. Жеке құрамды іскерлікпен жұмысқа жұмылдырып, мекемелердегі келеңсіз оқиғалардың алдын алуда ол өзінің кәсіби тәжірибесін шебер қолданған басшы болды.

Ернат Кенжеханұлының бойындағы тағы бір асыл қасиет – ұлтжандылық. Бұл ұлы сезімнің адам бойына ұя салуы да тал бесіктегі тәрбиеден басталатыны анық. Осы сөзімізге дәлел – Ернат Ақылжанов 2008-2009 жылдары қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде мемлекеттік тілді дамыту басқармасын басқарды. Бұл жылдары қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекігенімен, аударма тіл деңгейінде еді. Өйткені іс қағаздарының түпнұсқасы орыс тілінде жазылады да, содан кейін барып қазақ тіліне аударылатын. Осы бір ойсыраған кемшіліктің орнын толтыру мақсатында қылмыстық-атқару жүйесінде жеке құрамның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын сауалнама жүргізілді. Сауалнама қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдегі құжаттарды сауатты жазатын кадрларды даярлау үшін ҚАЖ саласы бойынша арнайы жабдықталған кабинеттер құрылып, 7000-ға жуық қызметкер бастауыш, жалғастырушы, тереңдетілген топтарда дәріс алды. Бірнеше рет аймақтық семинарлар, конкурстар, дөңгелек үстелдер өтті. Осы іс-шаралардың мақсаты – өзге ұлт өкілдері мен орыстілді қызметкерлердің арасында тілді үйренуге қызығушылықты арттыру, мемлекеттік тілде жазылатын құжаттардың сапасын жақсарту және қолданыстағы салалық терминдердің бірізділігін қалыптастыру. Осындай қыруар шаруаның басында Ернат Кенжеханұлы жүрді. Оның сол кездегі тынымсыз еңбегі көп ұзамай өз нәтижесін берген берекелі еңбек болды. Ана тілдің тұғырын бекітуге еңбек сіңіру үшін адамның жүрегінде ұлтқа деген махаббат болуы керек десек, Ернат Кенжеханұлының ұлтжандылығының арқасында мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілді, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы артты. Ұлтжанды азаматтың бұл іскерлігі елеусіз қалған жоқ. Оның кеудесіне қадалған "Тіл жанашыры" деген құрмет белгісі қазақ тіліне деген құрметтің айшықты белгісі еді.

Е.Ақылжановтың туған тілге сіңірген еңбегі бір бұл ғана емес. Ол – "Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне арналған қазақ тілі" оқу құралы авторларының бірі. Бұл кітап қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруіне және ресми іс қағаздарын сауатты жазуды үйренуіне мұрындық болды. Бұдан басқа, Ернат Кенжеханұлы Қазақстанда алғаш рет "Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару құқығы" оқу құралын жазуға атсалысты.

Ернат Кенжеханұлының осындай бастамаларымен танысу кезінде тіл ұшына "Ал сіз өзіңіз кітап оқисыз ба?" деген сұрақ орала кетті.

Қазақтан шыққан белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың ғылым жолындағы жанқиярлық ерліктері, Қазақ Ғылым академиясының тарихы мен жетістігі, оның жанына серік болған ғалымдар М.Әуезов, Ш.Шаяхметов, Ш.Шөкин, Е.Бөкетов сияқты тұлғалар туралы айтқанда Ернат Кенжеханұлы қазақ халқының белгілі қайраткерлеріне деген құрметін әр сөзімен шегелеп әңгімеледі.

Биыл әділет полковнигі Ернат Ақылжанов алпыс деген асуға шықты. Бұл – қызық қуған жиырма бес сияқты емес, пайғамбар жасына жақындаған адамның өзіне-өзі "мен осы жасымда не бітірдім?" деген сауалға жауап іздейтін жас. Осы алпыс жылда Ернат ағаның бітірген шаруасы аз емес. Ең алдымен ол өзі 23 жыл қызмет еткен салада нағыз адамға тән қасиеттерімен айшықтала білді. Адал қызмет атқарып, абыроймен зейнетке шықты. Өзі мәпелеп өсірген ұл-қыздарының бойына еліне адал азамат болудың дәнегін сеуіп, қиын-қыстау тіршілік жолында адаспайтын бағыт берді. Өмірлік жары Әлия Аманжолқызымен бірге көтерген шаңырақтың уығын бекітіп, босағасын нықтады. Жанұясын жылы шуаққа бөлеген еңбегінің жемісін көріп отырған алпыс жастағы Ернат Кенжеханұлы үшін бұл кезең – өмір жолын саралап, кейінгі буынға көргені мен түйгенін жеткізер кемел шақ. Қылмыстық-атқару жүйесінен құрметті демалысқа шыққан әділет полковнигі бүгінде отбасымен бірге берекелі ғұмыр кешіп, елге еткен еңбегінің өнегесін жалғастырып келеді.

Авторы: Айнұр ЖЫЛҚЫШИНОВА

суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру