СҚО-да полиция жасөспірімдер профилактикасының жаңа форматын қолға алды
Петропавлдағы Оқушылар сарайында жасөспірімдерге арналған "мүмкіндіктер жәрмеңкесі" өтті. Қаладағы 15 мектептен келген 150-ге жуық оқушы сабақтан кейінгі уақытын тиімді ұйымдастырудың жолдарымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл — қала полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың бастамасымен профилактикалық жұмыстың жаңа форматында ұйымдастырылған алғашқы кездесу. Негізгі мақсат — сыныптан тыс үйірмелер мен спорт секцияларына қатыспайтын жасөспірімдерге өз қызығушылығына сай бағыт табуға мүмкіндік беру.
Іс-шара барысында Петропавлдағы тегін үйірмелер мен секциялардың жетекшілері өз бағыттарын таныстырды. Оқушылар спорт, робототехника, шығармашылық және басқа да бағыттар бойынша ақпарат алып, өздеріне ұнаған үйірмелерді таңдай алды.
Кездесу нәтижесінде 40-қа жуық жасөспірім түрлі үйірмелер мен секцияларға жазылды. Қалған оқушылар әзірге таңдау жасап жатыр. Іс-шараға дайындалған ақпараттық жадынамалардың барлығы таратылды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты — жасөспірімдердің бос уақытын пайдалы ұйымдастыру ғана емес. Баланың өз қызығушылығына сай орта тауып, қабілетін дамытуына және оны нақты іске айналдыруына жағдай жасау да маңызды.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмағандар жасаған 30 қылмыс тіркелген. Оның 24-і Петропавл қаласында болған.

Осыған байланысты полиция қалалық прокуратурамен, білім беру органдарымен және жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыратын мекемелермен бірлесіп профилактикалық жұмысты күшейтіп отыр. Бұл бағыттағы шаралар құқық бұзушылықтың салдары туралы түсіндірумен ғана шектелмейді. Негізгі назар жасөспірімнің бос уақытын тиімді өткізуіне, өз ортасын табуына және пайдалы іске қызығушылығын арттыруына аударылмақ.
Полиция мұндай форматтағы кездесулерді алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр. Петропавлдағы барлық мектеп оқушыларын қамту көзделген.
