Қарағандыда құрылыс компаниясына 100 көшет отырғызу міндеттелді
Қарағандыда құрылыс компаниясына айыппұл салынып, 100 көшет отырғызу міндеттелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағандыда тұрғындардың әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуінен кейін полиция құрылыс компанияларының біріне қатысты тексеру жүргізді. Нәтижесінде абаттандыру және жасыл желектерді қорғау талаптарын бұзған компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бүлінген аумақты қалпына келтіруге міндеттелді.
Оқиға тұрғын үй маңында жүргізілген жөндеу жұмыстарына байланысты туындаған. Жұмыс барысына наразы болған тұрғындар әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялаған. Азаматтардың өтінішіне Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері жедел ден қойып, тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру барысында абаттандыру қағидалары мен жасыл желектерді күтіп ұстау талаптарының бұзылғаны анықталды. Осыған байланысты құрылыс компаниясына айыппұл салынды.
Сонымен қатар компания өкілі анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюға, бүлінген аумақты қалпына келтіруге және өз қаражаты есебінен 100 көшет отырғызуға міндеттелді. Сондай-ақ алынған тротуар тақталарын орнына қайта төсеу талап етілді.
Серіктестік өкілі тұрғындарға келтірілген қолайсыздықтар үшін ресми түрде кешірім сұрады.
Бұл жағдай тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымы мен полицияның жедел әрекетінің арқасында мәселенің шешімін табуына мүмкіндік бар екенін көрсетті.
Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіп пен абаттандыру қағидаларының бұзылуына бейжай қарамай, осындай фактілер туралы хабарлауға шақырады. Қаланың тазалығы мен жасыл желегін сақтау – баршаға ортақ міндет.
