Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері "Кітап оқитын ұлт" марафонына қатысты
Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері "Кітап оқитын ұлт" марафонына қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №19 кітапханада "Кітап оқитын ұлт – Читающая нация" республикалық марафоны аясында танымдық кездесу өтті. Іс-шараға Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында кітапханашы Сәуле Ақбергенова кітап оқудың адам өміріндегі маңызына, оның ой-өрісті кеңейтіп, рухани дүниені байытудағы рөліне тоқталды. Өз кезегінде мекеме қызметкерлері оқып жүрген кітаптары туралы әңгімелеп, шығармалардан алған әсерлерімен бөлісті.
Мекеме қызметкері Ақниет Нұрылдаев қазіргі уақытта Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" кітабын оқып жүргенін жеткізді.
- Бұл шығарма маған отбасындағы тәрбиенің, ұлттық салт-дәстүр мен адамгершілік құндылықтардың маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Кітаптағы тағылымды ойлар әр адамды толғандырып, өз өміріне үңілуге жетелейді. Кітап оқу – білімді арттырып қана қоймай, рухани байлықты молайтудың да жолы, – деді ол.
Тағылымды кездесу қатысушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
