Қызылордада ҚАЖД қызметкерлеріне ардагермен кездесу ұйымдастырылды
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекемеде жас қызметкерлерге аға буынның тәжірибесін насихаттау және қызметтік сабақтастықты нығайту мақсатында "Ардагермен бір күн" атты кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық музейде ұйымдастырылған іс-шараға ардагерлер алқасының мүшесі Батырхан Алишбеков пен мекеме қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында ардагер өзінің өмір жолы мен еңбек тәжірибесі туралы әңгімелеп, қызметтік міндеттерді жауапкершілікпен атқару, заңдылық пен тәртіпті сақтау, әріптестермен өзара сыйластық қарым-қатынас орнату мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ жас қызметкерлерді кәсіби білімдері мен біліктіліктерін үнемі жетілдіруге, таңдаған мамандығына адал болуға шақырды.
Іс-шара аясында қатысушылар облыстық музей экспозицияларымен танысып, өңір тарихы мен ұлттық құндылықтар туралы мағлұмат алды. Тарихи-танымдық бөлім кездесудің мазмұнын толықтырып, оның тәрбиелік мәнін арттырды.
Ашық сұхбат форматында жалғасқан кездесуде қызметкерлер ардагерге сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты. Мұндай басқосулар жас мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастыруға, бойларында жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді нығайтуға және аға буынның өнегелі жолын үлгі етуге ықпал етеді.
