Абай облысында малдың сәйкестендіру белгілері тексерілуде
Абай облысында полицейлер ауыл шаруашылығы жануарларының сәйкестендіру белгілерін тексеріп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара мал ұрлығының алдын алуға және есепке алынбаған жануарларды анықтауға бағытталған.
Өңірде 844 256 бас ірі қара, 1 363 006 бас ұсақ мал және 433 958 жылқы бар. Оның ішінде асыл тұқымды мал саны 42 400 ірі қараны, 86 700 қойды және 1 770 жылқыны құрайды.

Тексеру барысында жануарларда заңнамада көзделген сәйкестендіру құралдары болмаған жағдайда, олар арнайы тұрақтарға орналастырылып, ветеринариялық қызмет мамандары шақырылады. Мамандар жануарлардың есепке алыну деректерін тексереді.
Заң бұзушылық анықталған жағдайда, мал иелері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Жылқыларды сәйкестендіру таңбалау немесе чиптеу арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан жануар заңнамада көзделген өзге тәсілмен сәйкестендірілген болса, электрондық чиптің болмауы өздігінен заң бұзушылық болып саналмайды.
Жануардың жеке нөмірі мен ветеринариялық дерекқордағы мәліметтер оның иесін анықтауға және шығу тегін тексеруге мүмкіндік береді. Бұл деректер мал ұрлығын ашу кезінде де маңызды рөл атқарады.
Полиция қызметкерлері мал иелерін жануарларды уақтылы сәйкестендіруге, сатып алу-сату кезінде деректерді жаңартуға және малды жайылымда қараусыз қалдырмауға шақырады.
Мал жоғалған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарлау қажет. Сонымен қатар жануардың фотосуретін, жеке нөмірін, таңбасы мен ерекше белгілері туралы мәліметтерді, сондай-ақ оның соңғы рет көрінген жерін көрсету маңызды.
