Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында сотталғандар студенттерге қылмыстың салдарын түсіндірді

Ақмола облысында сотталғандар студенттерге қылмыстың салдарын түсіндірді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 1 мекемесінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, Атбасар ауданының полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен Аграрлық-индустриялық колледжінің студенттері мен сотталғандар арасында телемост өткізілді. Кездесу барысында сотталғандар жастармен өз оқиғаларымен бөлісіп, заңсыз әрекеттерінің қандай зардаптарға әкелгенін баяндады.

Іс-шараға алаяқтық, дропперлік, есірткі заттарын жасырып қою және есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін сотталған төрт адам қатысты. Олар темір тордың ар жағына қалай түскендерін және қабылдаған шешімдерінің өмірлеріне қалай әсер еткенін бөлісті.

Қатысушылардың бірі шетелде білім алып, болашақта кардиохирург болуды мақсат еткен жас жігіт болды. Оның айтуынша, ол тез ақша табу үмітімен Қазақстанға келген. Химия саласындағы білімін пайдаланып, мефедрон дайындауға байланысты әрекеттерге қатысқан және қажетті компоненттерге тапсырыс берген. Алайда оның бұл әрекеттері ауыр жазаға әкеліп, сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Осылайша, ол оқуын аяқтап, медицина саласында кәсіби маман атанудың орнына, жазасын өтеу мекемесіне түсті.

Тағы бір сотталған, 2000 жылы туған азамат, есірткі таратумен айналысқан, кейін өзі де есірткі тұтынуға әуестенген. Ол мұндай қадамға таныстарының қымбат көліктер мініп, қаржылық қиындық көрмей өмір сүргеніне қызығып барғанын мойындады. Жеңіл әрі мол табысқа ұмтылуы ақырында 10 жылға бас бостандығынан айырылуына себеп болған.

Телемост барысында сотталғандар өз әрекеттерінің отбасы мен жақындарына да ауыр соққы болғанын атап өтті. Олардың сөзінше, туыстары болған жағдайды ауыр қабылдап, жақындарының бостандыққа оралуын күтуде.
Кездесу кезінде полиция қызметкерлері студенттерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алаяқтық, дропперлік және есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін көзделген жауапкершілікті түсіндірді. Сондай-ақ интернеттегі алаяқтық тәуекелдеріне, банк карталары мен шоттарын бөгде адамдарға берудің қауіптілігіне, күмәнді ақша аударымдарына қатысуға және оңай табыс туралы ұсыныстарға ерекше назар аударылды.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің пікірінше, кездесудің негізгі мақсаты - жастарға асығыс қабылданған шешімдер мен тез ақша табуға деген ұмтылыстың қандай зардаптарға әкелетінін көрсету. Өйткені оңай олжаға қызығу және жазасыз қаламын деп ойлау адамның бостандығынан айырып қана қоймай, болашаққа құрған жоспарын да күл-талқан етуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру