Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында сотталғандарды жұмыспен қамту жүйелі жүргізілуде

Ақмола облысында сотталғандарды жұмыспен қамту жүйелі жүргізілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы жанындағы 2025 жылғы 20 қазандағы кеңес хаттамасында көзделген тапсырмаларды іске асыру шеңберінде Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бизнес субъектілерін ҚАЖ мекемелерінің аумағында өндірістік нысандарды құруға және дамытуға, сондай-ақ сотталғандарды еңбекпен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге тарту бойынша жұмыстар жүргізуде.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде №1 мекемеде “ALTAN GROUP 2021” ЖШС-нің майлы дақылдарды қайта өңдеу өндірісін дамыту жөніндегі жобасы іске асырылуда.

2025 жылғы қарашада мекеме аумағында жобаның алғашқы кезеңі — майлы дақылдарды қайта өңдеу цехы іске қосылды. Жоба аясында сотталғандар үшін 90 жаңа жұмыс орны құрылды.

2026 жылдың басынан бастап жобаның келесі кезеңі жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өндірістік қуаттарды кеңейту және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын іске қосу жұмыстары жүргізілді. Осы кезең аясында тағы 50 жұмыс орнын құру көзделген. Осылайша, жоба нәтижесінде сотталғандар үшін барлығы 140 жұмыс орны құрылды.

2026 жылғы 30 қыркүйекте сағат 11:00-де №1 мекеме аумағында “ALTAN GROUP 2021” ЖШС-нің майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытының салтанатты ашылуы өтеді.

Іс-шараға Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысады.

Аталған жобаның іске асырылуы маңызды әлеуметтік-экономикалық мәнге ие. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы сотталғандарды тұрақты еңбекпен қамтуға, олардың кәсіби дағдыларды меңгеруіне және босатылғаннан кейінгі дербес өмірге дайындалуына мүмкіндік береді.

ҚАЖ мекемелерінің аумағында өндірістік нысандарды дамыту және сотталғандарды жұмыспен қамтуға бизнес өкілдерін тарту олардың әлеуметтік бейімделуі мен қайта әлеуметтенуіне бағытталған жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаменті инвестиция тарту, өндірістік қуаттарды кеңейту және сотталғандарға арналған жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру