"Қауіпсіз үй": Қызылордада есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексерілді
5 қазан мен 5 қараша аралығында республика көлемінде "Қауіпсіз үй»" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу.
Осы бағыттағы жұмыстар Сырдария ауданында да жалғасуда. Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі К. Асанұлы, аудан прокуроры А. Жұмашев және ерікті жастардың қатысуымен профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Iс-шара барысында аудан тұрғындарының тұрғылықты мекенжайлары, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың тұратын орындары тексерілді. Сонымен қатар тұрғындармен профилактикалық кездесулер өткізіліп, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және қауіпсіздік талаптарын орындау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай профилактикалық шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтуға және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған.
