Түркістан облысында мал иесі жауапқа тартылды
Түркістан облысында қараусыз жүрген төрт түліктің абаттандырылған аумаққа зиян келтіру дерегі анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы ауданында түнгі уақытта жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы Темірлан ауылының Қажымұқан көшесінде қараусыз жүрген 20-дан астам жылқы тіркелді.
Жылқылар көше бойындағы абаттандыру мақсатында егілген гүлдер мен көгалдарды таптаған. Полицейлер жедел әрекет етіп, төрт түлікті арнайы мал қамайтын орынға жеткізді.
Тәртіп сақшыларының тексеруі барысында 32 жастағы мал иесі анықталды. Ер азаматқа қатысты әкімшілік шара көрілді.
Полиция тұрғындарға ескертеді: елді мекендердің тазалығы мен көркін сақтау — ортақ міндет. Абаттандырылған аумақтарды бүлдіру әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Ал қараусыз жүрген мал жол қозғалысына қауіп төндіріп, адам өміріне қатер келтіруі мүмкін.
