Полиция қызметкерлері джиу-джитсудан халықаралық турнирде жүлдегер атанды
Павлодарлық полицейлер джиу-джитсудан халықаралық турнирде жүлдегер атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада жақын және алыс шетелдердің үздік спортшылары бас қосқан джиу-джитсудан халықаралық турнирдің финалдық кезеңі аяқталды. Байрақты бәсекеде Павлодар облысының намысын қорғаған үш полиция қызметкері жүлделі орындарға ие болды.

Халықаралық жарыста өңір атынан Максим Басов, Кенжебек Азылбеков және Рустам Кузембаев өнер көрсетті.
Жауынгерлік самбо мен қоян-қолтық ұрыстан облыстың бірнеше дүркін чемпионы, ММА-дан Азия жүлдегері Кенжебек Азылбеков қарсыластарымен тартысты белдесулер өткізіп, жоғары шеберлігін танытты. Нәтижесінде ол алтын медаль жеңіп алды.
Грэпплинг пен джиу-джитсудан халықаралық турнирлердің чемпионы Рустам Кузембаев та татамиде табандылық пен техникалық шеберліктің үлгісін көрсетіп, күміс және қола медальдарға қол жеткізді.
Ал грэпплингтен спорт шеберлігіне кандидат, облыстық және республикалық грэпплинг пен ги грэпплинг жарыстарының бірнеше дүркін чемпионы Максим Басов алтын және қола медаль иеленді.
- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Дайындық барысында жаттығу қарқынын күшейттім. Жүлделі орынға ие болғаныма өте қуаныштымын. Қарсыластарым да мықты болды. Енді 17–18 қарашада Әбу-Дабиде өтетін Abu Dhabi World Pro әлем чемпионатына дайындаламын. Онда жақсы нәтиже көрсетемін деп үміттенемін», – деді Кенжебек Азылбеков.
Павлодар облысының полиция департаментінде атап өткендей, қызметкерлердің спорттағы жетістіктері салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, полиция қызметінің қоғам алдындағы беделін арттыруға да ықпал етеді.
