Алматыдағы криминогендік ахуал: қылмыс азайып, ашылу көрсеткіші артты
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов қоғамдық кеңес мүшелеріне полиция қызметінің негізгі нәтижелері, құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары және мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басым бағыттары туралы баяндады, — деп хабардайды Polisia.kz.
Соңғы бес жылда Алматыда қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі сақталып келеді. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 10,4% азайып, қылмыстардың ашылу көрсеткіші артқан. Қала көшелері мен қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны да едәуір төмендеген.
Қоғамдық кеңес мүшелері алдында сөз сөйлеген полиция департаментінің бастығы жасалған қылмыстарды ашумен қатар, олардың алдын алудың да маңызы зор екенін атап өтті.
— Біз үшін статистикалық көрсеткіштер ғана маңызды емес. Әр көрсеткіштің артында адамның қауіпсіздігі, отбасының тыныштығы және тұрғындардың полицияға деген сенімі тұр. Біздің міндетіміз – оқиғаға ден қоюмен шектелмей, ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және Алматының әрбір тұрғыны өзін қауіпсіз сезінетін жағдай қалыптастыру, – деді Айдын Кабдулдинов.
Полиция жұмысының басым бағыттарына балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарына қарсы күрес, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кіреді. Бұл бағыттарда білім беру ұйымдарымен, ата-аналармен және бизнес өкілдерімен бірлескен жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың да маңызы зор. Қазіргі уақытта Алматыда 212 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 77 мыңнан астамы жедел басқару орталығына қосылған. Бейнеаналитика құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға, оған қатысы бар адамдарды белгілеуге және оқиға орнына полиция жасақтарын бағыттауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қоғамдық орындарда, ойын-сауық орындарының маңында және уақытша тұру орындарында құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасуда. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу фактілерін анықтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары да тұрақты жүргізіледі.
“Заң мен тәртіп” қағидатын іске асыру туралы айтқан Айдын Кабдулдинов мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті.
— Қоғамдық кеңес біз үшін тек есеп беретін алаң емес. Бұл – жұмысымызға объективті баға беруге, өзекті мәселелерді талқылауға және сындарлы ұсыныстарды ескеруге мүмкіндік беретін орта. Біз ашық диалогқа дайынбыз және қоғам өкілдерінің ұсыныстары іс жүзінде жүзеге асуына мүдделіміз, — деді полиция департаментінің бастығы.
Кездесу қорытындысында полиция, әкімдік, қоғамдық ұйымдар мен қала тұрғындары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту қажеттігі атап өтілді. Ортақ мақсат – қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың сенімін арттыру.
