Астанада алаяқтыққа қатысы бар күдікті қолға түсті
Астана қаласының Алматы ауданы полиция басқармасының қызметкерлері бөтеннің мүлкін алаяқтық жолмен иемдену фактісін анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны жүгініп, интернет-сервисінен шаңсорғышты жалға беру туралы хабарландыру тапқанын хабарлаған. Жарнама бойынша белгісіз ер адаммен байланысқа шыққан азамат оған шаңсорғышты жалға берген.
Алайда ер адам сенімге кіріп, алдау жолымен шаңсорғышты иемденіп, оны қайтармаған. Осылайша, жәбірленушіге құны 360 мың теңге болатын Karcher шаңсорғыш түрінде материалдық залал келтірілген. Аталған қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтап, ұстады.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осыған ұқсас құқық бұзушылықтарға қатыстылығы тексерілуде.
Полиция азаматтарды интернет желісіндегі хабарландыруларға қатысты қырағы болуға, бейтаныс адамдарға мүлікті сеніп тапсырмас бұрын олардың жеке басын және мәміле шарттарын мұқият тексеруге шақырады.
