Ақтөбеде жастар есірткіге қарсы театрландырылған қойылым ұсынды
Ақтөбеде 200-ден астам оқушы есірткісіз болашақты насихаттау мақсатында бір сахнаға жиналды. Олардың әр сөзі мен әр қимылы есірткіге қарсы үнге айналып, көрерменді саналы таңдау жасауға шақырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласындағы №83 орта мектепте жас ұрпаққа өмірдің қадірін ұғындырып, маңызды әлеуметтік мәселелерге назар аударуға бағытталған ерекше шара өтті. Ақтөбе облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған "Есірткісіз болашақ" атты театрландырылған қойылымдар байқауы оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, есірткіге қарсы күрестің маңызын да айқындай түсті.

Бұл жолы сахнада жай ғана көріністер қойылған жоқ. Әр қойылымда адам тағдыры, жан күйзелісі мен өмірлік таңдаудың салдары көрініс тапты.
200-ден астам жоғары сынып оқушысы қатысқан байқауда жас өнерпаздар есірткінің адам өміріне тигізетін зардабын шынайы бейнеледі. Қойылымдарда жеңіл жолды таңдаудың өкініші, жақындарының сенімінен айырылған жастың күйзелісі және перзентінің болашағына алаңдаған ананың жан толғанысы әсерлі жеткізілді.

Әрбір қойылым көрерменге ой салып, маңызды мәселені қозғады. Жас өнерпаздар есірткінің зардабы бір адамның өмірімен шектелмей, тұтас отбасының тағдырына әсер ететінін көрсетті. Сахнадан өрілген ой көрерменді де өз таңдауына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Іс-шараның арнайы қонақтары — белгілі спортшы әрі қоғам белсендісі Райса Байлиева мен полиция өкілдері оқушылардың өнерін жоғары бағалады. Олар жасөспірімдердің белсенділігі мен ізденісін атап өтіп, өмірлік құндылықтар, жеке жауапкершілік және әрбір шешімнің салдары туралы тағылымды ойларымен бөлісті.

Байқау қорытындысы бойынша тәжірибелі педагогтерден құралған қазылар алқасы қатысушы командаларды алғысхаттармен марапаттап, оқушылардың өнерін түрлі номинациялар бойынша бағалады.
Театрландырылған қойылымдар арқылы жас ұрпаққа жеткізілген басты ой — есірткісіз өмірді таңдау, өз болашағына жауапкершілікпен қарау және өмірдің әр сәтін бағалау.
