Абай облысында 23 мас жүргізуші ұсталды
Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жүргізілген бақылау нәтижесінде бірқатар құқық бұзушылықтың жолы кесілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атап айтқанда, маневр жасау қағидаларын бұзған 125 жүргізуші анықталды. Сонымен қатар 202 жүргізуші жолаушыларды тасымалдау талаптарын, қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдалану қағидаларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жол қозғалысына қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтардың да жолы кесілді. Атап айтқанда, 23 жүргізуші көлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін, ал 26 жүргізуші тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікті басқарғаны үшін жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, белгіленген қозғалыс жылдамдығын асырған 5 жүргізушінің құқық бұзушылығының жолы кесілді.
Абай облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бауыржан Омаровтың айтуынша, жол қозғалысы қағидаларын сақтау – әрбір жүргізушінің басты міндеті.
– Жолдағы қауіпсіздік әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Жол қозғалысы қағидаларын елемеу адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, көлік құралын масаң күйде басқармауға және жол қозғалысының барлық қатысушысына құрметпен қарауға шақырамыз. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады, – деді Бауыржан Омаров.
Жолдағы тәртіп – қауіпсіздіктің кепілі. Полиция азаматтарды жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
